ҚазҰУ-да Қытай студенттеріне арналған «Мәдени туризм» лагері ұйымдастырылды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да Қытай студенттеріне арналған «Мәдени туризм» лагері ұйымдастырылды

9 қараша 2026
ҚазҰУ-да Қытай студенттеріне арналған «Мәдени туризм» лагері ұйымдастырылды

2026 жылғы 9 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасы «Жібек жолы» үйірмесінің аясында Қытай Халық Республикасынан келген студенттерге арналған «Мәдени туризм» тақырыбында лагерь ұйымдастырды.

Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету инженерлік кәсіптік колледжінен 22 студент пен 2 оқытушы қатысты. Шетелдік қонақтар Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және ата-бабаларымыздан қалған рухани мұрасымен танысты. Лагерь жұмысына «Жібек жолы» үйірмесінің жетекшісі Дүйсенбай Құлпынай басшылық жасады.

Бағдарлама барысында қытайлық студенттерге Қазақстанның туристік бағыттары таныстырылып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарихы мен қызметі туралы ақпарат берілді.

Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Түргенбай лагерьдің негізгі мақсаты туралы былай деді: «Лагерьдің басты мақсаты – Қазақстанның мәдени және туристік әлеуетін таныстыру, еліміздің жоғары оқу орындары туралы ақпарат беру және шетелдік жастардың отандық университеттердің магистратура бағдарламаларына деген қызығушылығын арттыру. Іс-шараға студенттермен қатар Қытайдан келген оқытушылар мен профессорлар да қатысуда. Бағдарлама аясында мәдениет пен туризм салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады».

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, лагерь қатысушылары Алматы қаласындағы өзге де жоғары оқу орындарына барып, музейлерді, тарихи ескерткіштер мен көрікті демалыс орындарын аралайды.

Лагерь қатысушысы Ван Чжимин сапардан алған әсерімен бөлісіп, ҚазҰУ-дың тарихы мен университеттегі академиялық ортаның өзіне ерекше әсер қалдырғанын атап өтті: «ҚазҰУ аумағына кірген сәттен-ақ бұл оқу орнының терең тарихы бар екенін сезіндік. Шығыстану мамандығының екінші курс студенттерімен мазмұнды пікір алмасып, екі елдің мәдениеті мен туризм саласындағы тәжірибелерімен бөлістік. Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету инженерлік кәсіптік колледжінің студенттері бейнероликтер мен презентациялар арқылы өз қалалары – Уханьды таныстырды. Экскурсия барысында университет тарихы, Қазақстан мәдениеті, жоғары білім беру жүйесінің дамуы және еліміздің туристік бағыттары туралы әңгімелестік. Бұл сапар бізде ерекше әсер қалдырды. Қазақстанға, әсіресе ҚазҰУ-ға келгенімізге өте қуаныштымыз».

«Мәдени туризм» лагері Қазақстан мен Қытай жастары арасындағы мәдени және академиялық байланыстарды нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және Қазақстанның туристік әрі білім беру әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.