АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨЛІК АҒЫНЫ МЕН ШУ ДЕҢГЕЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ: МАГИСТРАНТТАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУІ — ҚазҰУ

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨЛІК АҒЫНЫ МЕН ШУ ДЕҢГЕЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ: МАГИСТРАНТТАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУІ

10 қараша 2026
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӨЛІК АҒЫНЫ МЕН ШУ ДЕҢГЕЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ: МАГИСТРАНТТАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕЛІК ЗЕРТТЕУІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары Алматы қаласындағы көлік қозғалысының қарқындылығы мен көше шуының деңгейін бағалауға бағытталған тәжірибелік зерттеу жүргізді.

Зерттеу 2026 жылғы қазан айында «Табиғи және техносфералық объектілердің мониторингі» пәнінің практикалық сабақтары аясында «Көлік және инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қауіпсіздігін бағалау» тақырыбы бойынша ұйымдастырылды. Оның мақсаты – көлік ағынының тәуліктің әртүрлі уақытындағы өзгерісін анықтау, көлік саны мен шу деңгейінің ықтимал байланысын қарастыру және қалалық инфрақұрылымға қатысты экологиялық қауіпсіздік факторларын талдау.

Зерттеу жұмыстарына екі топ қатысты. Бірінші топта Ильяс Жансая, Құсаинов Алиасқар, Шарапатдин Нұржайна және Жадриева Қуаныш, ал екінші топта Дәуірбекқызы Әсел, Қалабай Ақбота және Иманқали Айбала жұмыс жүргізді.

Далалық бақылаулар Қарасай батыр – Әуезов, Қарасай батыр – Нұрмақов, Төле би – Исаев, Төле би – Жұмалиев, Абай – Жароков, Төле би – Масанчи, Қарасай батыр – Байтұрсынұлы, Қарасай батыр – Масанчи, Шевченко – Розыбакиев, Шевченко – Манас, Жамбыл – Байзақов және Абай – Байзақов көшелерінің қиылыстарында жүргізілді.

Бақылау жұмыстары таңертеңгі, түскі және кешкі уақыт кезеңдерін қамтыды. Магистранттар әр 15 минут сайын шу көрсеткіштерін тіркеп, жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері және басқа да көлік құралдарының санын есептеді. Сонымен бірге жаяу жүргіншілер мен самокаттардың қозғалысы, ауа райы жағдайлары назарға алынды.

Шу деңгейі жолдың екі жағында, жол жиегінен 0,5 метр қашықтықта және жер бетінен 1,5 метр биіктікте өлшенді. Жинақталған бақылау материалдары көлік ағыны мен шу көрсеткіштерін уақыт кезеңдері бойынша салыстыруға пайдаланылды.

Қарасай батыр мен Масанчи көшелерінің қиылысында көлік ағыны мен шу деңгейіне тәуліктің үш кезеңінде — таңертең, түсте және кешке — бақылау жүргізілді. Таңертеңгі бақылау кезінде 2282 көлік құралы тіркеліп, орташа шу деңгейі 72 дБ болды. Түскі кезеңде 2044 көлік құралы есепке алынып, орташа шу деңгейі 68 дБ құрады. Кешкі бақылау кезінде 2742 көлік құралы тіркеліп, орташа шу деңгейі 76 дБ-ға жетті. Салыстырылған үш кезеңнің ішінде көлік саны мен шу деңгейінің ең жоғары көрсеткіштері кешкі уақытта байқалды.

Көлік шуына қозғалыс қарқындылығымен қатар көлік құралдарының түрі мен жылдамдығы, жол жабынының жағдайы және ауа райы ықпал етуі мүмкін. Практикалық жұмыс барысында жол жабынының техникалық жағдайы, бағдаршамдар мен қозғалысты басқару жүйелері, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі және көлік қозғалысына байланысты экологиялық жүктеме мәселелері де қарастырылды.

Жиналған мәліметтер көлік ағыны мен шу деңгейін жүйелі бақылаудың, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды негіздеудің маңызын көрсетеді. Зерттеу бағыты Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен, атап айтқанда, 9-мақсат – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және 11-мақсат – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» міндеттерімен үндеседі.

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасында ұйымдастырылған тәжірибелік жұмыс магистранттарға қалалық көлік инфрақұрылымын нақты жағдайда бақылауға, алынған деректерді салыстырып талдауға және экологиялық қауіп факторларын анықтауға мүмкіндік берді. Мұндай зерттеулер болашақ мамандардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі саласындағы кәсіби даярлығын нығайтады.

 

А. К. Қожахан 

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті, т.ғ.к.,