Академиялық талаптар мен IGPA: факультетте ақпараттық кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының кураторларына арналған академиялық саясат талаптары мен интегралды GPA жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіруге бағытталған ақпараттық-әдістемелік кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға факультет кураторлары қатысып, кездесуді деканның оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары А.Ш. Шәкенқызы жүргізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – кураторлардың университеттің академиялық саясатына қатысты білімін жетілдіру, оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі қағидаттарын түсіндіру және студенттерге академиялық талаптар туралы ақпаратты дұрыс әрі жүйелі жеткізуді қамтамасыз ету.
Кездесу барысында академиялық саясаттың негізгі ережелері, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, оқу пәндерін меңгеру тәртібі, білімді бағалау жүйесі, академиялық үлгерімді бақылау және қорытынды аттестаттау мәселелері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар интегралды GPA көрсеткішінің қалыптасу тәртібі, оны есептеу ерекшеліктері, бағалау нәтижелерінің студенттің академиялық үлгеріміне әсері және оқу жетістіктерін бақылаудағы маңызы туралы жан-жақты түсіндірме берілді.

Атап айтқанда, кураторлардың студенттерге академиялық қарыз, пәндерді қайта оқу, оқу жетістіктерін бағалау, GPA көрсеткішін сақтау және академиялық талаптарды орындау мәселелері бойынша нақты әрі түсінікті ақпарат беруіне ерекше назар аударылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, кураторлар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша толыққанды жауаптар алды. Сондай-ақ студенттер арасында академиялық адалдық қағидаттарын сақтау, оқу тәртібін нығайту және академиялық жауапкершілікті арттыру бағытындағы кураторлық жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары факультеттегі оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруға, кураторлар мен білім алушылар арасындағы тиімді ақпараттық байланысты қалыптастыруға және университеттің академиялық саясаты талаптарының бірізді орындалуына ықпал етеді.
Факультетте білім алушылардың академиялық сауаттылығын арттыру, оқу үдерісіне қатысты маңызды ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.