«HYDROLOGY 60» — білім мен ізденісті тоғыстырған зияткерлік сайыс
2026 жылғы 5 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде құрлық гидрологиясы кафедрасының ашылғанына 60 жыл толуына арналған «Гидрология: өткеннің тереңінде, бүгінгінің ағысында, болашақтың бастауында» атты мерейтойлық ғылыми-білім беру форумы аясында «HYDROLOGY 60» зияткерлік сайысы өтті. Іс-шара метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Жансая Уразалиқызы Бексултанованың жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Сайысқа «6В05203 – Гидрология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттерінен құралған «Фараб», «Тасқын», «Семсер», «Талап» және «Серпін» атты 5 командақатысты.

Кафедраның мерейтойына арналған білім додасы болашақ гидрологтардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, ғылыми дүниетанымын кеңейтуге және мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Сондай-ақ командалық сайыс студенттердің өзара ынтымақтастығын нығайтып, ортақ шешім қабылдау және өз ойын жүйелі жеткізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Зияткерлік бәсекеде қатысушылар білімдері мен тапқырлығын ортаға салып, командалық бірліктің маңызын көрсетті. Бес команда арасындағы сайыс жастардың ізденісін ынталандырып, білім алуға деген құлшынысын арттыратын мазмұнды алаңға айналды.
.jpeg)
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды «Фараб» командасы, ІІ орынды «Тасқын» командасы, ІІІ орынды «Семсер» командасы иеленді. Жүлдегер командалар дипломдармен және сыйақылармен марапатталды.
«HYDROLOGY 60» зияткерлік сайысы кафедраның 60 жылдық ғылыми-білім беру дәстүрі мен жас ұрпақтың кәсіби ізденісін сабақтастырды. Мұндай іс-шаралар болашақ мамандардың білімін тереңдетіп, су ресурстарын зерттеуге деген ынтасын күшейтуге және студенттік ортада ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
