Заң факультетінде Республика күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан және құқықтық мемлекет» тақырыбында іс-шара өтті — ҚазҰУ

Заң факультетінде Республика күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан және құқықтық мемлекет» тақырыбында іс-шара өтті

23 қазан 2026
Заң факультетінде Республика күніне арналған «Тәуелсіз Қазақстан және құқықтық мемлекет» тақырыбында іс-шара өтті

2026 жылғы 23 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Тәуелсіз Қазақстан және құқықтық мемлекет» тақырыбында студенттердің қатысуымен арнайы танымдық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихын насихаттау, құқықтық мемлекеттің конституциялық негіздерін түсіндіру және заң үстемдігі қағидатының маңыздылығын дәріптеу.
Кездесу барысында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның тарихи және құқықтық маңызы, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу кезеңдері, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы және конституциялық дамудың негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар студенттерге құқықтық мемлекеттің басты белгілері – Конституцияның үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, мемлекеттік биліктің бөлінуі, заң алдындағы теңдік және мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндірілді.
Республика күні – Қазақстанның мемлекеттік егемендік жолындағы тарихи таңдауын айқындайтын, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуындағы маңызды белесті бейнелейтін мереке. Бұл күн еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, конституциялық құндылықтарын және құқықтық мемлекет құру жолындағы ұмтылысын дәріптеудің ерекше мүмкіндігі болып табылады.
Іс-шара аясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының құқықтық мемлекет қағидаттарымен өзара байланысына да назар аударылды. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, әділдік пен қоғамдық жауапкершілік құндылықтарын нығайту тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды алғышарттары екендігі атап өтілді.
Кездесу барысында болашақ заңгерлердің мемлекеттілікті нығайтудағы, конституциялық құндылықтарды қорғаудағы және қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерекше рөлі айтылды. Студенттерге ел тәуелсіздігін сақтау тек мемлекеттік институттардың ғана емес, әрбір азаматтың саналы жауапкершілігі екендігі түсіндірілді.
Аталған іс-шара жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға, құқықтық дүниетанымын кеңейтуге және тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген азаматтық жауапкершілігін нығайтуға бағытталды.
Тәуелсіздік – мемлекеттілігіміздің тұғыры, ал заң үстемдігі мен құқықтық тәртіп – оның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік кепілі.

Орысша: