Университетте шетелдік профессор Дитер Х. Х. Хофманның көшбасшылық дәрісі өтті
Университетте Қытай Халық Республикасының Сиань Цзяотун университеті (Xi’an Jiaotong University) Физика мектебінің профессоры Дитер Х. Х. Хофманның (Dieter H. H. Hofmann) көшбасшылық дәрісі өтті.
Дәрістің тақырыбы — «The Proton-¹¹Boron Enigma: New Clues from Stopping Power to the Stars» («Протон-бор синтезінің құпиясы: бөлшектердің тежелу қабілетінен жұлдыздарға дейінгі жаңа зерттеулер»).
Ғалым өз баяндамасында термоядролық синтез, тығыз плазма физикасы және астрофизика салаларындағы заманауи ғылыми зерттеулер мен жетістіктерді таныстырды. Атап айтқанда, протон мен бор-11 ядросының (p–¹¹B) ядролық реакциясын термоядролық энергетиканың баламалы бағыты ретінде пайдалану перспективаларына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар протондардың бор ядроларымен әрекеттесу ерекшеліктері, альфа-бөлшектердің түзілуі мен шығымына қатысты эксперименттік зерттеулердің нәтижелері қарастырылды.
Дәрістің маңызды бөлімдерінің бірі тығыз плазмадағы зарядталған бөлшектердің тежелу қабілетін, ұжымдық әсерлер мен электрондардың азғындалуының энергия шығынына ықпалын зерттеу мәселелеріне арналды. Сондай-ақ зертханалық ядролық реакциялар мен астрофизикалық үдерістердің өзара байланысы, соның ішінде ақ ергежейлі жұлдыздардың атмосферасындағы бор элементінің болуы және оның физикалық ерекшеліктері талқыланды.
Дәріске магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар және профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Қатысушылар заманауи халықаралық ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттарымен, эксперименттік әдістермен және плазма физикасы мен термоядролық технологиялардың даму перспективаларымен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар - Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы ғалымдары академик Т.С. Рамазанов, профессор С.К. Коданова және доцент М.К. Исанова.
Шетелдік жетекші ғалымның көшбасшылық дәрісі университеттің ғылыми-білім беру өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Мұндай кездесулер халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және жас зерттеушілердің кәсіби әрі ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар