- Басты бет
- Жаңалықтар
- «ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ ӨТКІЗІЛДІ
«ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ ӨТКІЗІЛДІ
2026 жылғы 11 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №16 студенттер үйінде Ұлттық валюта – теңге күніне орай «Теңге – тәуелсіз Қазақстанның қаржылық негізі» тақырыбында ашық кураторлық сағат өткізілді.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында, атап айтқанда, ТДМ 4 – «Сапалы білім», ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» және ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыттарымен сабақтастырыла ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің қалыптасу тарихын, экономикалық маңызын және мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтудағы рөлін түсіндіру, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, экономикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру.
Кураторлық сағат барысында теңгенің пайда болу тарихы, оның айналымға енгізілуінің тарихи алғышарттары мен экономикалық қажеттілігі туралы ақпарат берілді. 1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валютаның қолданысқа енгізілуі Қазақстанның экономикалық дербестігін қалыптастырудағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі екендігі атап өтілді. Сонымен қатар теңгенің мемлекеттің дербес ақша-несие саясатын жүргізуіне, қаржы жүйесін дамытуына және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуіне ықпал еткені түсіндірілді.
Кездесуде ұлттық валютаның ел экономикасындағы орны, инфляция, ақша айналымы, валюта бағамы және қаржылық тұрақтылық мәселелері талқыланды. Студенттерге жеке бюджетті жоспарлау, табыс пен шығысты бақылау, жинақ қалыптастыру, қаржылық тәуекелдерді бағалау және жауапты қаржылық шешімдер қабылдау жөнінде түсініктер берілді.
ТДМ 4 – «Сапалы білім» аясында студенттердің экономикалық білімін жетілдіруге, қаржылық сауаттылығын арттыруға және алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ал ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» шеңберінде қаржылық жауапкершілік, жинақтау мәдениеті және жеке қаржылық тұрақтылықтың қоғамның экономикалық дамуына ықпалы қарастырылды.
ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыты бойынша ұлттық валютаның мемлекеттің экономикалық егемендігін қамтамасыз етудегі рөлі мен қаржы институттарының тұрақты дамуының маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шараның мазмұнын мәдени-танымдық бағдарлама толықтырды. Студенттер ұлттық өнерімізді дәріптеп, әсем әндер орындап, домбырамен күмбірлеген күйлер шертті. Музыкалық қойылымдар кездесуге ерекше рухани сипат беріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл өнер көрсетілімдері жастардың ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге және рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.
Кураторлық сағатқа қатысқан бірінші курс студенттері белсенділік танытып, өз пікірлерімен бөлісті. Талқылау барысында теңгенің тек төлем құралы ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен экономикалық тәуелсіздігінің маңызды нышаны екендігі ерекше атап өтілді.
Осындай танымдық және тәрбиелік іс-шаралар болашақ мамандардың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын түсінуіне мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасының оқытушылары М.Ж. Дарибаева, Ж.К. Қалымбекова, Ж.С. Мұхаметжанова, Ж.К. Жорабаева, А.Ж. Кукиев.
#ҚазҰУ #ҰлттықВалюта #ТеңгеКүні #ҚаржылықСауаттылық #ТДМ4 #ТДМ8 #ТДМ16 #ТұрақтыДаму #ҚаржыЖәнеЕсеп