Оқытудың заманауи тәсілдері: Coursera білім беру үдерісінде
2026 жылғы 16 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Coursera курстарын білім беру үдерісіне интеграциялау» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Семинар барысында оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі декан орынбасары Шәкен А.Ш. оқытушыларға жаппай ашық онлайн курстарды білім беру үдерісінде пайдаланудың негізгі модельдерін жан-жақты таныстырды. ЖАОК-ты қосымша білім беру ресурсы және білім алушылардың өзіндік жұмысына арналған материал ретінде пайдалану, жекелеген тақырыптар мен модульдерді пән мазмұнына ішінара интеграциялау, сондай-ақ Coursera курстарын аралас оқыту форматында қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.

Таңдалған онлайн курстардың пәннің оқу нәтижелері мен еңбек сыйымдылығына сәйкестігіне, оқу нәтижелерін тану тәртібіне, интеграция картасын әзірлеуге, онлайн курстарды меңгеру нәтижелерін ағымдық және қорытынды бақылау барысында қолдануға, сондай-ақ қажетті растайтын құжаттарды рәсімдеуге ерекше назар аударылды. Оқытушыларға ЖАОК-ты интеграциялауды құжаттық сүйемелдеуге қойылатын талаптар түсіндіріліп, оларды оқу үдерісіне енгізудің практикалық тәсілдері ұсынылды.
Семинар қатысушыларына Coursera платформасының мүмкіндіктері, пән мазмұны мен жоспарланған оқу нәтижелерін ескере отырып онлайн курстарды іріктеу қағидаттары, сондай-ақ BMG UpSkill тарапынан көрсетілетін әдістемелік қолдау туралы ақпарат берілді. Аталған қолдау аясында консультациялар өткізу, таңдалған курстарды талдау, ұсынылатын онлайн курстар тізімін қалыптастыру және оларды білім беру үдерісіне интеграциялауға әдістемелік сүйемелдеу көрсету қарастырылған.
Семинар белсенді кәсіби пікір алмасу форматында өтті. Оқытушылар Coursera платформасымен жұмыс істеудің практикалық және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылап, курстарды таңдау, интеграциялау форматтары, оқу нәтижелерін тану және тиісті құжаттарды рәсімдеуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзекті сұрақтарына жауап алып, Coursera курстарын оқытылатын пәндерге әрі қарай интеграциялау бойынша практикалық ұсынымдар алды.
.jpeg)
Семинарды өткізу қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, заманауи білім беру технологияларын дамытуға және үздіксіз білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатын «Сапалы білім беру» іске асыруға ықпал етеді. Халықаралық онлайн курстарды интеграциялау білім беру ресурстарының ауқымын кеңейтуге, оқытушылар мен білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға және оқу үдерісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Цифрлық білім беру платформалары мен халықаралық білім беру ресурстарын пайдалану сонымен қатар ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» мақсаттарымен сабақтасып, білім беру саласына инновацияларды енгізуге және халықаралық білім беру платформалары мен серіктестермен өзара ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.