- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Бір белдеу, бір жол — 2026»: мәдени мұраны сақтау мен дамытуда цифрландыру және жасанды интеллектті қолдануға арналған халықаралық конференция
«Бір белдеу, бір жол — 2026»: мәдени мұраны сақтау мен дамытуда цифрландыру және жасанды интеллектті қолдануға арналған халықаралық конференция
2026 жылғы 24 қыркүйекте ALT университетінің Кіші конференц-залында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдану жағдайында мәдени мұраны сақтау және дамыту мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.
Конференцияны ALT университетінің Компьютерлік ғылымдар департаментінің басшысы Қасымова Динара Түгелбекқызы ұйымдастырып, модераторлық етті.
Іс-шараға Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінің, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің, сондай-ақ ALT университетінің сарапшылары мен мамандары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Дүйсенбай Құлпынай қытай тілінен аудармашы ретінде қатысып, Қазақстан мен Қытайдан келген қатысушылар арасындағы тиімді коммуникация мен академиялық пікір алмасуды қамтамасыз етті.
Конференция қатысушыларына құттықтау сөздерін ALT университетінің ректоры Жармағамбетова Меруерт Советқызы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің деканы Байгунаков Досбол Сүлейменұлы арнады. Өз сөздерінде олар Жібек жолы мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау саласындағы университетаралық және ведомствоаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Қазақстандағы филиалының вице-президенті Сунь Ао құттықтау сөз сөйледі.
Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Мәдениет және мұра институтының ғалымдары Дун Вэньцян, Цао Ицзянь, Ван Дун, Ван Цзюаньли және Тан Синцзя тас, ағаш және қағаз ескерткіштерді, сондай-ақ қабырға суреттерін сақтаудың заманауи ғылыми әзірлемелері мен практикалық тәсілдерін таныстырды. Мәдени мұраны қорғаудағы цифрлық технологияларға, соның ішінде гиперспектралды визуализацияны қолдануға ерекше назар аударылды.
Қазақстандық музей саласының мамандары сәукелені реставрациялау және қола дәуіріне жататын сүйек артефактілерін зерттеу бойынша отандық тәжірибелерімен бөлісті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының докторанты Ардақ Ершатқызы мәдени мұраны сақтау және зерттеу саласындағы өз идеялары мен ғылыми тәсілдерін ұсынды.
Конференция барысында қатысушылар жоғары оқу орындары, музейлер және ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында жүйелі өзара іс-қимыл орнатудың қажеттігін атап өтті. Университеттер ғылыми және кадрлық базаны қамтамасыз етсе, музейлер тарихи және мәдени құндылықтардың түпнұсқа коллекцияларын сақтап, көпшілікке таныстырады, ал ғылыми ұйымдар мұраны сақтау саласында заманауи технологияларды әзірлеп, енгізеді.
Қатысушылар бірлескен ғылыми зерттеулер, музей қорларын цифрландыру, мәдени нысандарды реставрациялау және құжаттандыруда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық алмасуды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастық орнату жөнінде бірқатар келісімдерге қол жеткізді.
Халықаралық конференция мәдени мұраны сақтауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолданудың перспективаларын талқылауға және ғылыми тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етіп, Жібек жолы мұрасын зерттеу және сақтау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және практикалық жобаларды жүзеге асыруға негіз қалады.
