ҚазҰУ студенттері халықаралық бағдарламаға шақырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Солтүстік Кавказ федералды университетінің (СКФУ) халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Альберт Кумуковпен кездесті.
Тараптар білім, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Альберт Кумуков Солтүстік Кавказ федералды университетінің ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты дамытудағы үш негізгі бағытын атап өтті. Алғашқысы – тамақ технологиялары мен азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу саласы. Екіншісі – қос оқу орнының ғылыми әлеуетін біріктіруге мүмкіндік беретін химия бағыты. Үшінші басым бағыт ретінде физика саласы айқындалды. Сонымен қатар СКФУ өкілі шығыстану мен халықаралық қатынастар салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ кездесуде Альберт Кумуков ҚазҰУ студенттері үшін Калининград қаласына білім беру сапарын ұйымдастыруды ұсынды. Үш күнге созылатын және әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық қатысушының басын қосатын бұл ауқымды іс-шараға ҚазҰУ-дан 7-8 студент іріктеліп алынады. Қабылдаушы тарап студенттердің барлық шығындарын өз мойнына алуға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев серіктестікті дамытуға бағытталған бастамаларды толық қолдап, ғылыми-академиялық ықпалдастықты нығайтудың маңыздылығын баса айтты.

«Бірлескен конференциялар ұйымдастыруды, тағылымдамалар жиілігін арттыруды, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейтуді ұсынамын. Бұл қадамдар университеттер арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз», – деді ҚазҰУ ректоры.

Кездесу соңында СКФУ проректоры Жансейіт Қансейітұлына Ашим Сикалиевтің «Ғылыми мұраның толық жинағы» атты бес томдық басылымын сыйға тартты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар