ҚазҰУ-да Сиань университетінің профессоры дәріс оқыды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да Сиань университетінің профессоры дәріс оқыды

6 қазан 2026
ҚазҰУ-да Сиань университетінің профессоры дәріс оқыды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Сиань ғылым және технологиялар университетінің (ҚХР) профессоры, ҚазҰУ-дың PhD докторанттарының ғылыми жетекшісі Бао Юань дәріс оқыды. Ғылыми кездесу «Көмірді анаэробты ашыту барысында түзілетін қатты, сұйық және газ тәрізді үш фазалы өнімдерді сипаттау әдістері және олардың өзгеру заңдылықтары» тақырыбына арналды. Оған оқытушы-профессорлар құрамы, жас зерттеушілер мен студенттер қатысты. 

Мәртебелі мейманды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Самғат Ермекбаев қарсы алды. Ол өз сөзінде университеттің халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге және шетелдік озық ғалымдармен тәжірибе алмасуға ерекше маңыз беретінін жеткізді.

«Профессор Бао Юаньның ғылыми жолы мен қазіргі энергетикалық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жас зерттеушілер үшін өте тағылымды. Соңғы екі жылдың өзінде ғалым 22 ғылыми мақала жариялап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры атанды», – деді бірінші проректор.

Қытайлық ғалым көмірдің органикалық құрамдастарын оттегісіз ортада өңдеу кезінде түзілетін өнімдерді зерттеудің заманауи тәсілдері мен олардың өзгеріс ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.

Юань Баоның академиялық және ғылыми-зерттеу саласында 13 жылдық тәжірибесі бар. Оның Хирш индексі – 23. Ғалым Қытайдың Ұлттық жаратылыстану ғылымдары қоры қолдаған 30-дан астам ауқымды ғылыми жобаға жетекшілік еткен. Ол – 98 ғылыми мақаланың, өнертабысқа арналған 7 патенттің авторы және беделді халықаралық журналдардың сарапшысы. Оның негізгі зерттеу бағыттары – дәстүрлі емес мұнай-газ ресурстарының геологиясы, микробтық геология, көмір қабаттарынан биогендік метан және биомассадан сутегі өндіру технологиялары.

Кездесу соңында профессор Бао Юань ҚазҰУ басшылығына шақырғаны үшін алғыс білдіріп, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жиын сұрақ-жауап форматында өтіп, қатысушылар биотехнология, энергетика және Жер туралы ғылымдар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі