«Қара алтын»: рух, еңбек және ұлттық болмыс тоғысқан туынды — ҚазҰУ

«Қара алтын»: рух, еңбек және ұлттық болмыс тоғысқан туынды

9 қазан 2026
«Қара алтын»: рух, еңбек және ұлттық болмыс тоғысқан туынды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а., PhD Жанат Сәрсенбай эдвайзерлік тобындағы студенттермен бірге «Қара алтын» фильмін тамашалады. Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор мәдени іс-шараның мақсаты – студенттердің ұлттық киноға деген қызығушылығын арттыру, еңбек құндылығын дәріптеу, ел тарихы мен рухани мұраға құрмет сезімін қалыптастыру.

«Қара алтын» фильмінің атауы ең алдымен мұнай өндірісімен байланысты болғанымен, туындының идеялық мазмұны әлдеқайда кең. Фильмде адам тағдыры, еңбек пен табандылық, тәуекел мен кәсіпкерлік, ұлттық болмыс пен тарихи жады, елге қызмет ету және ұрпақ сабақтастығы секілді маңызды құндылықтар өзара сабақтастықта көрініс табады.

Басты кейіпкер Қасым Исағалиевтің бейнесі арқылы мақсатқа жету жолындағы табандылық пен батыл шешім қабылдаудың маңызы ашылады. Оның 32 рет бағын сынап, 33-рет діттеген мақсатына жетуі – фильмнің идеялық өзегін айқындайтын символдық деталь. Бұл көрініс кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек, сенім мен қажырлы әрекет жататынын аңғартады. Кейіпкердің өмір жолы жастарды қиындыққа мойымауға, өз мақсатына ұмтылуға және ел игілігі үшін еңбек етуге үндейді.

Жанрлық тұрғыдан алғанда, фильм драмалық шиеленіс пен детективтік элементтерді ұштастырады. Оқиға желісіндегі интрига, кейіпкерге қарсы әрекеттер және күрделі жағдайлардан жол табу тәсілдері оның интеллектуалдық әлеуетін, байыптылығын және өмірлік тәжірибесін танытады. Сюжеттің динамикалық өрбуі көрерменнің қызығушылығын арттырып, кейіпкер тағдыры арқылы қоғамдағы еңбек пен жауапкершілік мәселелерін тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді.

Фильмді тамашалау барысында тілдік-мәдени ерекшеліктерге де назар аударылды. Сценарий тілінің әдеби қазақ тілі нормаларына негізделуі, диалогтардың табиғилығы мен ұлттық сөйлеу мәдениетінің сақталуы туындының маңызды қырларының бірі ретінде бағаланды. Фильмдегі тілдік қолданыстар ұлттық дүниетанымды танытып қана қоймай, қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі көркемдік және танымдық әлеуетін де көрсетеді.

Туындының тағы бір ерекшелігі – ұлттық болмыс пен заманауилықтың үйлесімі. Кеңес дәуірі, тәуелсіздік кезеңі, Қазақстанның жаңа экономикалық кеңістігі, шетелдік орта мен мұнай өндірісінің қалыптасу тарихы біртұтас сюжеттік арнада тоғысады. Осы арқылы жеке тұлғаның өмір жолы мен ел тарихының өзара байланысы ашылады.

Фильмнің идеялық мазмұнын тереңдете түсетін маңызды көркемдік шешімдердің бірі – Шәкәрім мұрасымен сабақтастық. Шәкәрім шығармалары мен философиялық ой-толғамдары арқылы өткен мен бүгіннің, ата мен ұрпақтың, ұлттық рух пен заманауи әлемнің арасындағы рухани байланыс көрсетіледі. Шәкәрімнің таспаға жазылған әнінің қайта жаңғырып, Лондон сахнасында орындалуы да тарихи жады мен мәдени мұраның уақыт пен кеңістіктен тыс өміршеңдігін танытатын символдық көрініс ретінде әсер қалдырады.

Бұл ретте «тек» ұғымының мәні де айрықша көрінеді. Кейіпкердің арғы тегі мен Шәкәрім әулетімен сабақтастығы туралы желі оның жеке болмысын тарихи жадымен байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда, фильмдегі мұнай – материалдық байлық пен экономикалық дамудың символы болса, Шәкәрім мұрасы – рухани құндылық пен ұлттық сананың символы. Материалдық игілік пен рухани мұраны бір арнада тоғыстыру туындының мазмұндық тереңдігін арттыра түседі.

Фильмнің сегіз бөлімге бөлініп, әр бөлімге жеке атау берілуі де композициялық тұрғыдан назар аудартады. Өліара кезеңнен басталып, тәуекелге бел буу, алғашқы өндіріс үдерістері, ірі инвестициялық жобалар мен мұнай өндірісінің қалыптасу тарихына ұласатын оқиғалар кейіпкер тағдырымен сабақтастырыла баяндалады. Сонымен қатар ертегілік мотивтер мен қазақы таным элементтерінің қолданылуы ұлттық дүниетанымның көркемдік қабаттарын аша түседі. «Мақта қыз» ертегісімен астасатын тұстар дәстүрлі мәдениет пен заманауи өндірістік тақырыптың арасындағы байланысты аңғартады.

Студенттер үшін фильмді бірге тамашалау тек мәдени демалыс қана емес, ұлттық құндылықтарды, тарихи сабақтастықты және еңбек адамының тұлғалық болмысын тануға бағытталған тағылымды тәжірибе болды. Мұндай іс-шаралар білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, отандық кино өнеріне деген қызығушылығын арттыруға, ел тарихы мен мәдени мұраға құрметін нығайтуға ықпал етеді.

Жалпы, «Қара алтын» – мұнай өндірісінің тарихын баяндайтын фильм ғана емес, адамның өз мүмкіндігіне сенуі, табанды еңбек етуі, тәуекелге баруы, қиындықтарды еңсеруі және ел игілігіне қызмет етуі туралы мазмұнды туынды. Фильмде кәсіпкерлік пен ұлтжандылықтың нақты іспен көрініс табуы, еңбек адамының жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының ашылуы ерекше мәнге ие.

Осындай мазмұнды туындыларды жастар арасында насихаттау – ұлттық сана мен мәдени талғамды қалыптастырудың, тарихи жадыны жаңғыртудың және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұлға тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі.

Қазақ киносына +1! «Қара алтын» – қазақы таным мен заманауи өндірісті, тарихи жады мен жеке тұлға тағдырын, материалдық құндылық пен рухани мұраны бір арнаға тоғыстырған ерекше туынды. Ұлттық рухты асқақтатып, жастарды еңбекке, табандылыққа және елге қызмет етуге үндейтін осындай фильмдер қазақ кино өнерінің мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан дамуына үлес қоса берсін!