- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры Польшада аккумуляторларға арналған электродтық материалдар әзірлеуде
ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры Польшада аккумуляторларға арналған электродтық материалдар әзірлеуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жазира Супиева ULAM NAWA халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында Познань политехникалық университетінде (Польша) ғылыми тағылымдамадан өтуде. Бағдарлама конкурсына Польшада ғылыми зерттеулер жүргізуге үміткер әлемнің 52 елінен келген зерттеушілерден 324 өтінім түсті. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша тек 71 жоба қаржыландыруға ие болды. Жазира Супиева осы 71 зерттеушінің қатарына еніп, химиялық технологиялар факультетінде профессор Qamar Abbas жетекшілігімен тағылымдамадан өтуде.
Оның зерттеу тақырыбы — «Аккумулятор электродтарына арналған электрохимиялық жолмен тотықсыздандырылған графен оксиді негізіндегі нанокомпозиттерді әзірлеу». Ғылыми жұмыс электрохимиялық энергия сақтау жүйелеріне арналған перспективалы электродтық материалдарды алу мен зерттеуге бағытталған. Нанокомпозиттердің қасиеттерін зерттеп, оларды аккумуляторлық батареяларда одан әрі қолдану үшін электрохимиялық сипаттамаларын бағалау жоспарлануда.
Тағылымдама ғылыми тәжірибе алмасуға, заманауи зерттеу әдістерін меңгеруге және бірлескен жарияланымдар дайындауға ықпал етеді. Алдағы уақытта оның нәтижелері ҚазҰУ зерттеулерінің халықаралық деңгейде танылуын арттырып, QS рейтингінде ескерілетін көрсеткіштердің, соның ішінде дәйексөз алу көрсеткіштері мен халықаралық ғылыми-зерттеу байланыстарының дамуына үлес қосуы мүмкін.
Сонымен қатар ғылыми жұмыстың маңызы академиялық нәтижелермен шектелмейді: энергия сақтау жүйелеріне арналған материалдарды әзірлеу Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 7-мақсаты — «Қолжетімді және таза энергия» және 9-мақсаты — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» бағыттарымен үйлеседі. Зерттеу аясындағы халықаралық ынтымақтастық ғылыми тәжірибе алмасуды өзекті технологиялық міндеттерді шешумен ұштастыра отырып, ТДМ-ның 17-мақсатын — «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікті» қолдайды.
Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының меңгерушісі
профессор Ерғазиева Г.Е.
Басқа жаңалықтар