ҚазҰУ-да «Алтын күз» инновациялық жәрмеңкесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кампусында Республика күніне орай, дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекелік шараға университеттің оқытушылары, қызметкерлері мен студент жастар қатысты.
Ашық аспан астында өткен салтанатты жиында кампус аумағы мерекелік кейіпке енді. Таңертеңнен бастап әр факультет дастархан жайып, палау пісіріп, келген қонақтарға түрлі дәм ұсынды.
Жәрмеңкеге келушілер жас ғалымдар мен студенттердің инновациялық стартап жобаларымен танысып, қолдан жасалған бұйымдарды тамашалады. Сонымен қатар қонақтар университеттің агробиостанциясында өсірілген экологиялық таза жеміс-жидектер мен көкөністерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Фараби кітапханасының алдындағы алаңда AIQaz-Media, KazNU Ilearn, Zhurek AI және AlfaBrain жобалары таныстырылды. Ал «Оқитын ұлт» жобасы аясында қазақстандық «Adal Kitap», «Alash Book», «Альманахъ», «Дарын», «Jogary Bilim», «Лантар books» және «Қазақ университеті» баспалары өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Мерекелік алаңға Darhan Radio медиаплатформасы да белсене қатысып, жиылғандарды арнайы сыйлықтар ұтысына шақырды. Сонымен қатар келушілер «Жас шебер» стартабының тоқыма бұйымдары мен зергерлік әшекейлеріне қызығушылық танытып, студенттердің Республика күніне арналған түрлі-түсті көркем туындыларын аралады. Ал ұлттық спорт алаңында жастар қазақ күресі, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ бойынша өткен жарыстарда бақтарын сынады.

Жәрмеңкенің басты ерекшеліктерінің бірі – кең дастархан мен қонақжайлық атмосферасы. Бұл күні жиналған жұртқа 1000 келі палау мен 500 келі бауырсақ таратылып, «Zamran» сусыны ұсынылды. Тіпті қонақтар түрік дәстүрі бойынша құм үстінде кофе дайындау тәсілін де тамашалап, хош иісті сусыннан дәм татты.

Шараның тағы бір маңызды бағыты – қайырымдылыққа негізделді. Жиналған қаражат көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталды.
«Жәрмеңкеге арнап картоп қосылған бәліштер мен салаттарды өзіміз дайындадық. Жиналған қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік сатып алып, таратуға ниеттіміз», – деді «Ашық жүрек» студенттік ұйымының мүшесі, биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті Айжан Төрехан.

Мерекелік шарадан алған әсерімен биология және биотехнология факультетінің деканы Мейрамкүл Нармұратова да бөлісті. «Алтын күз – жарқын әрі мазмұнды мереке. Бізде көкөністер мен жемістер өсірілетін жеке агробиостанция бар. Бүгін оның өнімдерінің бір бөлігін жәрмеңкеге ұсындық», – деді декан.
Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Сымбат Мақұлбекова жәрмеңкеге қатысу ерекше әсер сыйлағанын жеткізді. «Атмосфера керемет! Күн жылы, барлығына палау ұсынылып жатыр. Дәмді тағамдардан бөлек, ұлттық ойындарды тамашалап, концерт көруді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Жәрмеңке аясында экологиялық бастамаларға да ерекше назар аударылды. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде университет аумағында ағаштар отырғызылды.
Жәрмеңке соңы көтеріңкі көңіл күй сыйлаған салтанатты концерттік бағдарламамен түйінделді.


















Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар