ҚазҰУ-да аккумуляторларды қайта өңдейтін цех ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні қарсаңында қолданылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін пилоттық цех ашылды.
Жаңа өндірістік алаңда аккумуляторларды қайта өңдеу және олардың құрамынан бағалы металдар мен пайдалы материалдарды бөліп алу технологиялары сынақтан өткізіледі.
Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, отандық ғалымдар, шетелдік меймандар, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Аталған цехтың қызметі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының негізгі тұжырымдамасымен үндеседі.

Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева университетте ғылыми зерттеулерді өрістету мен инновациялық технологияларды өндіріске енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Проректордың айтуынша, мұндай жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғалымдардың қолданбалы зерттеулер жүргізуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бұл бастама тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруда ерекше маңызға ие.

Цех жетекшісі Фёдор Мальчиктің сөзінше, қайта өңдеу процесінде аккумуляторлар алдымен қауіпсіз түрде қуатсыздандырылып, кейін ұсақталады және жекелеген материалдарға бөлінеді. Нәтижесінде құрамында белсенді заттары бар «қара масса» алынады. Алдағы уақытта осы шикізаттан бағалы компоненттерді бөліп алу жоспарланған.

Шараға қатысушыларға жаңа жабдықтар мен қайта өңдеудің негізгі кезеңдері таныстырылды. Цехқа ұсақтауға арналған Fante 400 қос білікті шредері, материалдарды өлшемі бойынша сұрыптайтын DZSF-515 дірілдеуіш елеуіші және компоненттерді бөлуге арналған NG-706 құрылғысы орнатылған.
Айта кетейік, бұл пилоттық цех бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жоба шеңберінде ашылды.










Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар