- Басты бет
- Жаңалықтар
- Денсаулық пен әл-ауқат: 3-ші ТДМ бойынша «Инфекциялар және олардың алдын алу» атты семинар-тренингі өтті
Денсаулық пен әл-ауқат: 3-ші ТДМ бойынша «Инфекциялар және олардың алдын алу» атты семинар-тренингі өтті
30 қазан 2026 жылы молекулалық биология және генетика кафедрасыныңкуратор-эдвайзері Ш.М. Ыргынбаеваның басшылығымен және аға куратор А.Д. Сербаеваның қатысуымен «6В05105-Генетика» ББ бағдарламасының 2 курс студенттеріне Инфекциялар мен профилактика» тақырыбындағы семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушылардың жұқпалы аурулар, олардың таралу жолдары мен алдын алу шаралары туралы білімдерін кеңейту, жеке және қоғамдық денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Аталған іс-шара, ең алдымен, Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесу» бағытымен тікелей байланысты. Бұл мақсат аясында инфекциялық аурулардың алдын алу, халықтың денсаулық сауаттылығын арттыру, вакцинацияның маңызын түсіндіру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Семинар барысында инфекциялық аурулардың пайда болу себептері, негізгі қоздырғыштары және жұғу механизмдері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, инфекциялардың ауа-тамшы, қарым-қатынас-тұрмыстық, тағам және су арқылы, сондай-ақ қан арқылы таралу жолдары түсіндірілді. Қатысушыларға тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар, ішек инфекциялары, вирустық гепатиттер және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары таныстырылды.
Тренингтің практикалық бөлімінде жеке бас гигиенасын сақтау, қолды дұрыс жуу техникасы, бөлмелерді жүйелі түрде желдету, қауіпсіз тағам өнімдерін таңдау және ауру белгілері байқалған жағдайда дұрыс әрекет ету тәртібі көрсетілді. Сонымен қатар иммундық жүйені нығайтуда дұрыс тамақтанудың, дене белсенділігінің, жеткілікті ұйқының және зиянды әдеттерден бас тартудың маңызы атап өтілді.
Іс-шара интерактивті форматта ұйымдастырылды. Білім алушылар тақырыптық тапсырмаларды орындап, жағдаяттық сұрақтарды талқылады, инфекция қаупін азайтуға бағытталған шешімдерді ұсынды. Арнайы сұрақ-жауап кезеңінде қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша толық ақпарат алды. Тренинг барысында күнделікті өмірде кездесетін қауіп-қатерлерге қатысты мысалдар қарастырылып, инфекцияның таралу тізбегін үзу жолдары бірлесіп талданды.
Семинар-тренинг қорытындысында қатысушылар инфекциялық аурулардың алдын алу тек медицина қызметкерлерінің міндеті емес, әрбір адамның жеке жауапкершілігі екендігін атап өтті. Қарапайым профилактикалық талаптарды жүйелі сақтау арқылы көптеген жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге болады.
Мұндай танымдық іс-шаралар білім алушылардың денсаулық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салты қағидаларын күнделікті өмірде қолдануына ықпал етеді. «Инфекциялар мен профилактика» семинар-тренингі қатысушыларға пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, өз денсаулығы мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне саналы түрде қараудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар