Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағыты аясында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханадағы «Ашық есік» күні — ҚазҰУ

Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағыты аясында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханадағы «Ашық есік» күні

30 қазан 2026
Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағыты аясында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханадағы «Ашық есік» күні

2026 жылғы 29-30 қазанда Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім» бағыты аясында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада дәстүрлі «Ашық есік» күні өткізілді.

Аталған іс-шараға дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Б.С. Асанованың жетекшілігімен 6В03205 - Кітапханалық ақпараттық жүйелер», білім беру бағдарламасының 1-4  курс студенттері қатысты.

Мақсаты: кітапхана қызметімен, қызметкерлердің жұмыс орындарымен жалпы оқырмандарды таныстырып, жаңа оқырмандарды кітапханаға тарту, сондай-ақ қоғам назарын ерекше жандардың өміріне, еңбегіне және рухани әлеміне аудару.

Іс-шара барысында тактильді кітаптар көрмесі, Брайль қарпіне аудару және аудиокітаптарды редакциялау үдерісімен таныстыру, оңалту кабинетінің жұмысын көрсету, интерактивті танымдық ойын, тифлокомментарий арқылы деректі фильм көрсету және библиографиялық көрсеткішті құрастыру бойынша әдістемелік практикум ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында «Ерекше жандарға ерекше кітаптар» және «ҚР тарихи және мәдени ескерткіштері» атты тактильді кітаптар көрмесі ұсынылып, кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімдерінің қызметкерлері оңалту кабинетінің жұмысын көрсетіп, «Саусақ ұшындағы әлем» интерактивті танымдық ойыны өткізді.

Сондай-ақ, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығына орай Qazaqstan телеарнасы ұсынған «Желтоқсан жаңғырығы» деректі фильмі тифлокомментарий (аудиосипаттама) арқылы көрсетілді. Бұдан бөлек, «Библиографиялық көрсеткіш: құрастыру кезеңдері және тәжірибелік үлгі» тақырыбында әдістемелік практикум өткізілді.

Іс-шараға қатысу барысында студенттер кітапхананың зағип және нашар көретін оқырмандарға арналған арнайы қызмет көрсету бағыттарымен, Брайль қарпіндегі басылымдарды дайындау ерекшеліктерімен және қолжетімді ақпараттық орта қалыптастыру тәжірибесімен танысты.