Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі
2026 жылғы 6 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен (ICESCO) бірлескен «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты II халықаралық конференция өтті.
Халықаралық іс-шара «Әл-Фараби – 2026» симпозиумы аясында ұйымдастырылып, Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасын зерделеуге, оның әлемдік өркениет дамуындағы орнын айқындауға және идеяларының қазіргі заман үшін өзектілігін талқылауға арналды.
.jpeg)
Конференцияның пленарлық мәжілісін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейрбаев ашып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың қалыптасу тарихына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастаманың негізі 2023 жылғы 11-12 қазанда Марокко астанасы Рабат қаласындағы ICESCO штаб-пәтерінде өткен «Әл-Фарабидің адамзат тарихына қосқан үлесі» атты I халықаралық конференция барысында қаланған. Сол жиында ҚазҰУ мен ICESCO арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерттеу мен насихаттаудың жаңа бағыттары айқындалған болатын. Бүгінгі конференция – осы халықаралық әріптестіктің заңды жалғасы.
.jpeg)
Конференцияның ашылуында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ойшылдың әлемдік ғылым мен философия тарихындағы айрықша орнын атап өтті. «Әбу Насыр әл-Фараби – тек түркі-ислам өркениетінің ғана емес, күллі адамзаттың ғылыми-философиялық ойлау тарихында ерекше орын алатын ұлы ойшыл», – деді проректор. Сонымен қатар ол әл-Фараби мұрасының қазіргі заманғы ғылыми және қоғамдық мәселелерді пайымдаудағы маңыздылығына тоқталып, жасанды интеллект этикасы, орнықты даму, әлеуметтік әділеттілік, білім мен ғылымның қоғамдағы рөлі және ізгілікті басқару мәселелерін ұлы ойшыл идеяларымен сабақтастықта қарастыру қажеттігін атап өтті. Проректор университетте фарабитану ғылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
.jpeg)
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) бас директоры Салим М. Әл-Малик әл-Фарабидің әлемдік философия мен өркениет тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Ол ұлы ойшылдың мұрасы ислам әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ зияткерлік қазынасы екенін атап өтті. «Әл-Фараби ислам әлемінің тарихына тиесілі болғанымен, оның мұрасы – бүкіл адамзаттың игілігі. Қазақстанның бұл тарихтағы орны ерекше және оның алдында ұлы ойшылдың мұрасын әлемге таныту жөніндегі маңызды міндет тұр», – деді ICESCO бас директоры.
.jpeg)
Пленарлық мәжіліске Қазақстан, Марокко, Малайзия, Ресей, Египет, Иран, Тунис, Түркия және Жапониядан келген белгілі ғалымдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Малайзия халықаралық ислам университетінің ректоры, профессор-эмеритус Осман бин Бакар, Ресей Федерациясы Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мухетдинов, Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің ректоры Уардани Мұхаммад Абду ар-Ради, ICESCO ғылым және инновациялар жөніндегі директоры Қуаныш Ерғалиев,
Тегеран университетінің профессоры Парсаниа Хамид Мохамед Реза, Тунистегі Сфакс университетінің қауымдастырылған профессоры Салем Аяди, Улудаг университетінің профессоры Айдынлы Яшар, Жапонияның Шығыс философиясы институтының ғылыми қызметкері Ямазаки Тацуя, және Қазақстаннан Жақыпбек Алтаев, Досай Кенжетай, Самал Төлеубаева, Айнұр Құрманалиева, Ықтияр Палтөре, Асыл Тулеубеков, т.б. белгілі фарабитанушы, филсософ ғалымдар болды.
.jpeg)
Конференция аясында фарабитану саласындағы жаңа ғылыми еңбектер мен монографиялардың тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, Ж. Алтаев пен Қ. Алтынбектің «Әл-Фараби әлемі: зерттеулер жинағы», Н. Байтенова, Б. Мерірбаев, С. Байжұманың «The Problem of Human Being in Al-Farabi’s Philosophy of Religion» монографиясы, дінтану және мәдениеттану кафедрасы ғалымдарының «Әл-Фараби мұрасы: тіл философиясы мен философия тілі» ұжымдық монографиясы, «Әл-Фарабидің философиялық терминдер сөздігі. Арабша-қазақша-орысша» және Малайзия ғалымы Осман бин Бакардың «Әл-Фараби: Өмірі, шығармашылығы және маңызы» атты еңбегінің Ы. Палтөре жасаған аудармасы таныстырылды. Аталған басылымдар ұлы ойшылдың философиялық мұрасын тереңірек зерделеуге, ғылыми айналымды кеңейтуге және фарабитану зерттеулерін халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған.
.jpeg)
Іс-шара төрт ғылыми секция бойынша жалғасын тапты. Секция отырыстарында әл-Фараби мұрасы мен жаһандық сын-қатерлер, болашақ философиясы, жауапты азамат тәрбиесі және қазақстандық фарабитану мектебінің даму мәселелері талқыланды. Қатысушылар ғылыми пікір алмасып, өзекті зерттеу бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
.jpeg)
Конференция қорытындысы бойынша әл-Фарабидің бай ғылыми-философиялық мұрасын халықаралық деңгейде зерттеу, отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы академиялық байланыстарды нығайту, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдарды дамыту қажеттігі айқындалды.
.jpeg)
Халықаралық конференция ұлы ойшылдың мұрасын әлемдік ғылыми кеңістікте кеңінен насихаттауға, фарабитану ғылымының дамуына және өркениетаралық ғылыми-мәдени диалогты нығайтуға маңызды үлес қосты.
.jpeg)
Басқа жаңалықтар